Магнус Карлсен Асаубаева қатысқан турнирдегі қылығы үшін жазалануы мүмкін
Халықаралық шахмат федерациясы норвегиялық гроссмейстердің әрекетін Әдеп және тәртіп жөніндегі комиссияның қарауына жібермек.
Бұған шахматшының Будапештте өткен турнирде бірнеше партияны соңына дейін ойнаудан бас тартуы себеп болған. Жарысқа қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева да қатысты.
Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) бұл туралы 2026 жылғы 21 қарашада мәлімдеді.
«Федерация жоспарланған бірнеше партияны ойнаудан бас тарту деректеріне алаңдаушылық білдірді. Әсіресе Магнус Карлсеннің әрекеті назар аудартты», – делінген хабарламада.
FIDE мәліметінше, норвегиялық гроссмейстер Владислав Артемьевпен өткен матчтың екі күнінде жоспарланған үш партияны ойнаудан бас тартқан. Бұл кезде олардың арасындағы кездесулердің нәтижесі әлі анықталмаған еді.
Федерация мұндай әрекет адал бәсеке қағидаларына қайшы келетінін және жарыстың әділ өтуіне кері әсер ететінін атап өтті. Оның үстіне, аталған партиялардың ойналмауы турнир кестесінің жоғарғы бөлігіндегі орындарға елеулі ықпал еткен.
«FIDE мұндай әрекетті қабылдауға болмайды деп санайды. Бұл ресми жарысқа қатысушылар ұстануға тиіс кәсіби мінез-құлық талаптарына сай келмейді», – делінген федерация мәлімдемесінде.
Осыған байланысты федерация ықтимал ереже бұзушылықтарға тәуелсіз баға беру үшін тиісті материалдарды FIDE-нің Әдеп және тәртіп жөніндегі комиссиясына жолдамақ.
Бұдан бөлек, федерация турнир төрешілерінің жұмысын да тексеруді жоспарлап отыр. FIDE пікірінше, төрешілер шахмат ережелері мен жарыс регламентінің сақталуын қамтамасыз ете алмаған. Олардың әрекетін Арбитраж комиссиясы мен оның тәртіп жөніндегі кіші комитеті қарайды.
08:53
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.